• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Экономика 04 Маусым, 2025

Апталық ДАЙДЖЕСТ | Сенім – бәріне ортақ мәселе

240 рет
көрсетілді

Brent бағасы OPEC+ шешімінен кейін өсті. Орталық Азия әлі біріге алмай отыр. Мұнай, аймақ, инвестиция бәріне ортақ түйін – сенім тапшылығы.

Telegram: Тыныштық тыпыршытты

Мұнай нарығы аптаны дүр сілкін­ді­ріп бастады. Brent маркалы қара алтын 2,44%-ға қым­бат­тап, бір баррель үшін 64,31 доллар деңгейіне қайта шықты. Бұл күтпеген жағдай емес, керісінше, OPEC+ ұйымының ешқандай тосын өзгеріс жасамаған сабырлы шешіміне берілген реакция. Tengenomika телеграм арнасының жазуынша, дәл осы «тыныштықтың» өзі мұнай бағасына жан кіргізіп отыр.

Картель мен оның серіктестері шілде айында мұнай өндіруді тәулігі­не 411 мың баррельге арттырды. Көрсеткіштің алдыңғы айлардан еш айырмасы да жоқ. Сарапшылар әлдеқайда ауқымды өсім болады деп дәмеленіп еді, алайда ұйым қалыпты бағытты таңдады.

АҚШ-та не болып жатыр? Ондағы жағдай да Brent бағасының қайта өсуіне серпін берген. Бұрғылау қон­дырғыларының саны 461-ге дейін төмендепті. Бұл 2021 жылдың қара­шасынан бергі ең төменгі көрсеткіш. Яғни кәрі құрлық мұнай өндіру қарқынын бәсеңдетіп отыр. Сонымен қатар бензинге сұраныс тәулігіне 1 млн баррельге артқан. Кейінгі 3 жылдағы ең ірі серпінге таңырқамаған компания жоқ. Жазғы маусым, демалыс пен жолсапар бензин тұтынуды шарықтатып жатыр. Алда келе жат­­­қан дауыл маусымы – тағы бір үлкен қауіп.

Не күтеміз? Арна авторларының жазуынша, қысқа мерзімде нарық тынышталғандай көрінгенімен, фундаменталды тәуекел сақталып отыр. Себебі АҚШ-та өндіріс төмендеп барады, сұраныс тек маусымдық тұрғыда артады. Ал қоймадағы қор азайып жатыр. Осының бәрі мұнай бағасының алдағы апталарда құбылып тұруына себеп болуы мүмкін.

 

AERC: Орталық Азия неге біріге алмай отыр?

30 жылдан астам уақыт өтсе де, Орталық Азия мемлекеттері әлі күнге дейін шын мәнінде, интеграцияланған экономикалық кеңістік құра алмады. Қазақстан, Өзбек­стан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түрікменстан арасын­дағы байланыстар тек жекелеген жобалармен ғана шектелген. Ресеймен де жағдай дәл осындай.

Экономиканы қолданбалы зерт­теулер орталығының (AERC) ғылы­ми жетекшісі «Орталық Азия елдері мен Ресей арасындағы экономикалық ынтымақ­тастық: қазіргі заманғы сын-қатерлер» зерттеуінде осы түйткілге тереңірек тоқталды. Айтуынша, қайшылықтың басты себебі – аймақ елдері арасындағы даму деңгейінің алшақтығы мен саяси тұрақсыздық.

– Кейбір елдерде экономика мен басқару жүйесі әлі де өтпелі кезеңде тұр, институционалдық негіз әлсіз, ал реформалар аяқталмаған. Әсіресе Тәжікстан мен Түрікмен­станда демократиялық институттар орнық­паған. Мұндай жағдайда терең интеграция туралы айту қиын. Оған қоса, аймақ ішіндегі сенім де жет­кіліксіз. Шекаралық қақтығыс, су ресурстары үшін талас, сыртқы ойыншылардың ықпалы – мұның бәрі Орталық Азияны ортақ мақсатқа жұмылдырмай отыр. Әлемде гео­саяси шиеленіс күшейіп тұрған кезде, бөлшектенушілік аймақтың осалдығын тереңдетеді, – деп түйін жасайды экономист.

Дегенмен зерттеушілер үміт отын елімізден көреді. Себебі бізде сая­си тұрақтылық бар, экономикамыз салыстырмалы түрде әртараптанған, халықаралық беделі жоғары. Ең бас­тысы, Қазақстан – интеграциялық бас­тамаларды жүйелі түрде көтеріп келе жатқан жалғыз ел. Экономист нақты ұстаным айтты:

– Орталық Азияға көшбасшы ел қажет. Бірігу – тек ұран емес, аймақтық қауіпсіздік пен экономикалық өміршеңдіктің алғышарты. Бұл жауапкершілікті Қазақстан өз еркі­мен, сенімді түрде атқара алады, тіпті тиіс те. Себебі егер бұл рөлді басқа күш иемденсе, аймақтың бағы бөлек арнаға бұрылуы мүмкін, – дейді Жақсыбек Құлекеев.

 

YouTube: Халық сенбейді, бірақ қызығады

Бізде халықтың ақшасы банкте сақталады немесе «жер алып, үй салсам ба» деген оймен жылдар бойы қозғалмай тұрады. Ал стартап иелері жобасына қаражат таба алмай отыр. Екеуінің арасында көпір болар жүйе – краудинвестинг. Осы мәселені Батырхан Елемес өзінің YouTube арнасында көтерді. Оның «Инвестор ақшасы қайда кетеді? Қазақстандағы краудфандингтің мәселелері мен келешегі» деп аталатын подкастында сарапшылар тың ойларын ортаға салды.

iKapitalist платформасының негізін қалаушы Нұрбек Раевтың айтуынша, халықта сенімнен гөрі үрей басым. Артық қадам жасаудан қорқады.

– Отандастарымыз ақшасын инвестициялауға қарсы емес. Бірақ олар нақты сенімді құрал іздейді. «Финико», «Гарант 24», «Questra World» секілді қаржы пирамидаларынан кейін ешкім ешкімге сене алмай қалды, – дейді ол.

Қаржы директоры Дәурен Байма­ғамбетов болса, заңның жоқтығы үлкен кедергі дейді.

– Елімізде краудфандинг пен крау­динвестингке қатысты заң жоқ. Яғни инвестор салған ақшасын жоғал­т­са, ешқандай қорған жоқ. Сол се­бепті, платформада келісімшарт пен тәуекелдер алдын ала түсіндірі­леді. Бірақ бұл жеке бастамалардың арқасында ғана. Ал мемлекет тарапынан әлі де нақты жүйе жасалмады, – дейді.

Нұрбек пен Дәуреннің пікірінше, бұл нарық әлі дамудың басында, алайда қазақ қоғамы баяу болса да қар­жылық сауаттылыққа бет бұрды. Жастардың белсенділігі үміт отын үрлейді, себебі олардың қаржылық белсенділігі артқан. Олар дәстүрлі банктен емес, онлайн инвестиция­дан, пассив табыс­тан үмітті. Бұл қоғамда қаржылық сананың біртіндеп қалыптасып келе жатқанын көрсетсе керек.

 

Дайындаған –

Елігімай ТӨҢКЕР,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар